Ағымдық бақылау жүргізудің үлгі ережесі

Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылаудың, оларды аралық және қорытынды аттестаттаудың үлгі ережесі

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы 125 бұйрығымен бекітілген

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 20 қаңтардағы № 14 бұйрығымен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 25 желтоқсандағы № 590 бұйрығымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілген

Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылаудың, оларды аралық және қорытынды аттестаттаудың үлгі ережесі

1. Жалпы ережелер

1. Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, оларды аралық және қорытынды аттестаттаудан өткізу ережесі (бұдан әрі –Ереже) «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 19) тармақшасына сәйкес әзірленді және меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылаудың, оларды аралық және қорытынды аттестаттаудың тәртібін анықтайды.

2. Осы ережеде мынадай анықтамалар қолданылады:

1) білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау – бұл мұғалімнің жалпы білім беретін бағдарламаға сәйкес ағымдағы сабақ барысында өткізетін білім алушылардың білімдерін жүйелі тексеру;

2) білім алушыларды аралық аттестаттау – оқушының бір оқу пәнін оқып аяқтағаннан кейінгі бөлігінің немесе барлық көлемінің мазмұнын меңгеру сапасын бағалау мақсатында жүргізілетін рәсім;

3) білім алушыларды қорытынды аттестаттау – олардың білім беру деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында көзделген оқу пәндерінің көлемін меңгеру дәрежесін анықтау мақсатында өткізілетін рәсім.

2. Білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, аралық аттестаттауды өткізудің тәртібі

3. Бастауыш сыныптарда білім алушылар тоқсандық (жарты жылдық) бағаларының негізінде аттестатталады.

1-сынып оқушылары психологиялық-медициналық-педагогтік консультацияның ұсынымдары және ата-аналарының келісімі (немесе өзге де заңды өкілдердің) бойынша қалдырылған оқушыларды қоспағанда қайта оқу жылына қалдырылмайды.

Бірінші сыныптың бірінші жарты жылдығында оқу материалдарын меңгеру деңгейіне баға қойылмайды.

4. 5-8 (9), 10(11) -сыныптардан келесі сыныпқа емтихан бағаларын есепке ала отырып, барлық оқу пәндері бойынша жылдық және қорытынды бағалары «3», «4», «5» болған білім алушылар көшіріледі.

5. Бастауыш және негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарындағы мемлекеттік аралық бақылау (бұдан әрі – МАБ) білім беру қызметінің сапасын бағалау және білім алушылардың бастауыш және негізгі орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген деңгейлерін анықтау мақсатында жүзеге асырылады.

6. 2-8 (9), 10(11)-сыныптардағы білім алушылардың оқу үлгеріміне ағымдағы бақылауды әрбір тақырып пен тарау бойынша жалпы білім беретін оқу бағдарламалық материалдарды меңгергендігін тексеру мақсатында барлық оқу пәндерінің мұғалімдері өткізеді.

7. 5-8 (9), 10 (11) - сыныптардағы білім алушыларды аралық аттестаттау оқу жылы аяқталғаннан кейін 31 мамырға дейін өткізіледі. Жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты негізінде әзірленген оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларына сәйкес білім беру ұйымдары оқу пәндерінің тізбесін (2-ден артық емес), қажеттілігін, нысандары мен мерзімдерін белгілейді.

8. 1-2 пәннен қанағаттанарлықсыз бағалары бар 5-8 (9), 10(11)-cыныптардың білім алушылары аралық аттестаттауға жіберіледі. Үш немесе одан да көп пәндерден қанағаттанарлықсыз бағалары бар білім алушылар білім беру ұйымдарының педагогикалық кеңесінің шешімі бойынша қайта оқу жылына қалдырылады және білім беру ұйымының бұйрығымен ресімделеді.

9. Кемінде екі пәннен қанағаттанарлықсыз бағалары бар 2-4-сыныптардың білім алушылары үшін педагогикалық кеңестің шешімі бойынша ауызша, жазбаша немесе тест тапсырмалары нысандарындағы бақылау жұмыстары ұйымдастырылады. «3», «4», «5» бағалар алған білім алушылар келесі сыныпқа көшіріледі.

10. 1-2 пәннен қанағаттанарлықсыз бағалары бар 5-8 (9),

10 (11)-сыныптардың білім алушылары осы пәндер бойынша қайта аттестаттауға жатады. Жазғы каникул уақытында осы білім алушыларға пәндер бойынша тиісті оқу тапсырмалары беріледі.

Қайта аттестаттау оқу жылы аяқталғаннан кейін 3 аптадан соң жүргізіледі. Қайта аттестаттаудан қанағаттанарлықсыз қорытынды баға алған жағдайда білім алушылар қайта оқу жылына қалдырылады немесе ата-аналарының келісімі (және өзге де заңды өкілдердің) және медициналық-педагогтік консультацияның ұсынымдары бойынша теңестіріп оқытатын сыныптарға ауыстырылады.

3. Білім алушыларды қорытынды аттестаттаудан өткізу тәртібі

11. Жалпы орта білім беру ұйымдарының білім алушыларын қорытынды аттестаттау:

- ұлттық бірыңғай тестілеу (бұдан әрі–ҰБТ);

- жалпы білім беретін пәндер бойынша қорытынды емтихандар нысанында өткізіледі.

12. Орта білімнен кейінгі немесе жоғары оқу орындарына қабылдау Орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім беру ұйымдарына оқуға түсуге тілек білдірген білім алушылар, жалпы орта білім туралы «Алтын белгі» аттестатын, жалпы орта білім туралы үздік аттестатын алуға үміткерлер, үстіміздегі жылғы жалпы білім беретін пәндерден республикалық олимпиадалар мен оқушылардың ғылыми жобалар жарысының жүлдегерлері үшін қорытынды аттестаттау міндетті түрде ҰБТ нысанында өтеді.

ҰБТ-ға қатысуға тілек білдірмеген бітірушілер орта мектеп курсы үшін қорытынды аттестаттауды қорытынды емтихан нысанында өткізеді.

Өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын жалпы білім беретін мектептердің бітірушілері өз қалауы бойынша ҰБТ-ны мемлекеттік немесе орыс тілдерінде тапсыруы мүмкін.

13. Жалпы білім беретін пәндер бойынша ағымдағы жылғы халықаралық ғылыми жобалар жарысы мен олимпиадалардың қатысушылары, жалпы орта білім беретін ұйымдардың халықаралық оқушылар алмасу желісі бойынша шетелдерде білім алған оқушылары, республикалық музыкалық мектеп-интернаттардың және жалпы білім беретін мектептерде ұйғыр, өзбек және тәжік тілдерінде оқытатын мектептердің ҰБТ-ға қатысуға тілек білдірмеген бітірушілері, денсаулығына байланысты ҰБТ-ға қатыспаған білім алушылар қорытынды аттестаттаудан білім беру ұйымдарында пәндер бойынша қорытынды емтихан нысанында өтеді. Мұндай бітірушілер Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің (бұдан әрі – Министр) 2007 жылғы 19 желтоқсандағы № 638 бұйрығымен бекітілген Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі ережесіне (бұдан әрі- Қабылдаудың үлгі ережесі) сәйкес оқуға қабылдана алады.

14. Білім беру ұйымдарындағы білім алушыларды қорытынды аттестаттауды құрамы білім беру ұйымдарының басшыларымен бекітілетін қорытынды емтихандарды өткізу жөніндегі комиссия (бұдан әрі–Комиссия) өткізеді.

Білім беру ұйымдарының басшысы қалыптастыратын және басқаратын Комиссия құрамына білім беру ұйымдары басшыларының орынбасарлары, пән мұғалімдері, әдістемелік бірлестік жетекшілері кіреді.

Комиссия мүшелерінің саны бес адамнан кем болмауы керек.

Комиссия емтихандардың басталуынан бір ай бұрын құрылады.

15. Ұйғыр, өзбек және тәжік тілдерінде оқытатын жалпы орта білім беретін ұйымдардың жалпы орта білім туралы «Алтын белгі» аттестатын, жалпы орта білім туралы үздік аттестатын алуға үміткер және ҰБТ-ға қатыспаған білім алушылары пәндер бойынша қорытынды аттестаттауды облыстық, Астана және Алматы қалаларының білім департаменттері ұйымдастырған тәуелсіз комиссияға тапсырады.

Білім беруді басқару органдарының басшысы қалыптастыратын және басқаратын тәуелсіз комиссия пән мұғалімдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, құқық қорғау органдары мен кәсіподақ ұйымдарының өкілдерінен тұрады.

16. 9 (10), 11 (12)-сыныптарының білім алушылары қорытынды аттестаттаудан өткізілетін оқу пәндерінің тізбесін және қорытынды емтихандарды өткізу мерзімін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі –Министрлік) белгілейді.

17. Қорытынды аттестаттауға Қазақстан Республикасы жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарының талаптарына сәйкес жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген 9 (10) және 11 (12)-сыныптарының білім алушылары жіберіледі.

18. Жалпы білім беретін мектептердегі 5-11(12)-сыныптар білім алушыларының пәндер бойынша қорытынды бағасы тоқсандық, жылдық және емтихан бағаларының негізінде қойылады.

5-11(12)-сыныптардағы тоқсандық, жарты жылдық, жылдық және қорытынды бағаларды қайта қарауға рұқсат етілмейді.

19. 1-2 пәннен жылдық қанағаттанарлықсыз баға алған 9(10)-сыныптардың білім алушыларына педагогикалық кеңестің шешімі бойынша қорытынды аттестаттау өткенге дейін қосымша бақылау жұмыстарын (жазбаша және тест тапсырмалары нысанында) орындауға рұқсат етіледі.

20. Білім алушылардың денсаулық жағдайларына байланысты еңбек және дене тәрбиесі сабақтарынан босату оларды келесі сыныпқа көшіру мен қорытынды аттестаттауға жіберілуіне әсер етпейді.

21. Қорытынды аттестаттаудың нәтижесі бойынша:

  • - бір немесе екі пәннен қанағаттанарлықсыз баға алған 9 (10) және 11 (12)-сыныптарының білім алушыларына білім беру ұйымдарында тиісті оқу пәндері бойынша емтихан нысанында қайта қорытынды аттестаттауға рұқсат етіледі;
  • - үш немесе одан да көп пәндерден қанағаттанарлықсыз бағалары бар 9 (10)-сыныптың білім алушылары қайта оқу жылына қалдырылады;
  • - үш немесе одан да көп пәндерден қанағаттанарлықсыз бағалары бар 11 (12)-сыныптың білім алушыларына олардың жалпы орта білімнің жоғарғы деңгейінің толық курсын өткендігі туралы белгіленген үлгідегі анықтама беріледі.

22. 9 (10) және 11 (12)-сыныптарының білім алушыларын қайта қорытынды аттестаттаудан өткізу үшін білім беру ұйымдарында тиісті пәндер бойынша емтихан комиссиясы құрылады.

23. Жазғы тапсырмалар мен қайта тапсырылатын емтихандардың материалдары (жазбаша, ауызша, тестілеу нысанында) білім беру ұйымында әзірленеді.

Жазғы тапсырмаларды қанағаттанарлық орындаған және емтихандарды қайта тапсырған білім алушылар білім беру ұйымының педагогикалық кеңесінің шешімі негізінде білім беру ұйымының бұйрығымен келесі сыныпқа көшіріледі.

24. Барлық пәндерден үлгеретін білім алушылар мемлекеттік аттестаттаудан облыстық, Астана және Алматы қалаларының білім басқармаларының бұйрықтарымен, республикалық білім беру ұйымдарының білім алушылары Министрліктің бұйрығымен мынадай жағдайларда босатылады:

1) денсаулық жағдайына байланысты;

2) I және II топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедек, мүгедек-балалар;

3) Қазақстан Республикасының командасы атынан халықаралық олимпиадаларға (жарыстарға) қатысатын кандидаттардың жазғы жиынына қатысушылар.

25. Білім алушыларды қорытынды аттестаттаудан босату туралы бұйрық мынадай құжаттар негізінде шығарылады:

1) мектеп дәрігерінің (ауылдық жерде-аудандық педиатрдың) ұсынысы бойынша жасалған білім алушының тұрғылықты жеріндегі емхананың медициналық-әлеуметтік сараптамасының (бұдан әрі – МӘС) қорытындысы;

2) педагогикалық кеңес шешімінің көшірмесі және мектептің қолдау хаты;

3) үлгерім табелдері.

2) және 3) тармақшаларда көрсетілген құжаттар білім беру ұйымы басшысының қолымен және білім беру ұйымының мөрімен расталады.

26. Қорытынды аттестаттау кезеңінде ауырып қалған 9 (10)-сыныптың білім алушылары өтіп кеткен емтихандарын тапсыруға мүмкіндік беріледі.

27. Міндетті емтихан жұмыстарының тақырыптары мен мәтіндерін облыстық, Астана және Алматы қалаларының білім басқармалары дайындайды.

28. Оқу курсын аяқтаған және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарына шақырылуына байланысты қорытынды емтихандарын тапсырмаған кешкі (кезекті) оқу орындарының білім алушылары әскери қызметін аяқтағаннан кейін бір кезең ішінде жалпы орта білім курсы бойынша емтихандар тапсырады.

29. Комиссия мүшелерінің көпшілік дауыстарының шешімімен оның төрағасы келіспеген жағдайда мәселені аудандық (қалалық) білім беру бөлімдері шешеді.

30. Білім алушы жазбаша жұмысына қойылған бағалармен келіспеген жағдайда, емтихан бағасы жарияланғаннан кейін келесі күнгі 13 сағат ішінде республикалық білім беру ұйымдарының оқушыларына арналған Министрліктің, аудандық (қалалық) бөлімдері, облыстық (қалалық) білім басқармалары жанынан құрылған апелляциялық комиссияға шағымдануына құқығы бар.

31. 9 (10), 11 (12)-сыныптарының білім алушыларын мерзімінен бұрын қорытынды аттестаттауға оқушылар шетелге оқуға кеткенде немесе тұрғылықты орнын шетелге ауыстырған жағдайда жіберіледі және пәндер бойынша оқу жылының аяқталуына дейін 2 ай бұрын қорытынды емтихан нысанында өткізіледі.

32. Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнаулы түзеу мекемелерінде қорытынды емтихандарын өткізу қажеттілігі туралы мәселені мединициналық диагнозына сәйкес жергілікті білім беру органдары шешеді.

4. ҰБТ-ны өткізу тәртібі

33. ҰБТ тізбесі Министрдің бұйрығымен бекітілген тестілеу өткізілетін пункттердің (бұдан әрі – ҰБТ ӨП) базасында өткізіледі.

34. ҰБТ-ны өткізу үшін әрбір ҰБТ ӨП-те мемлекеттік комиссия (бұдан әрі–МК) құрылады. МК өз қызметінде «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңын, «Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңын, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңын, осы Ережені және басқа да білім саласындағы нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады.

35. МК-нің құрамына мәслихат пен әкімдік өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, облыстық (республикалық маңызы бар қалалар) білім басқармасының бастығы (бұдан әрі – білім басқармасының бастығы), аудандық (қалалық) білім бөлімдерінің меңгерушілері, балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық департаменттердің қызметкерлері, құқық қорғау органдарының, қоғамдық, оның ішінде жастар және студенттік ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ білім беру ұйымдарының, білім департаменттерінің білікті қызметкерлері арасынан тағайындалған хатшы кіреді. МК мүшелерінің саны тақ болуы: 5 адамнан кем емес және 11 адамнан аспауы қажет.

36. МК-нің төрағасы болып оның базасында ҰБТ ӨП құрылған білім беру ұйымының басшысы (ректор, білім басқармасының бастығы, аудандық (қалалық) білім бөлімінің меңгерушілері) немесе әкімдік өкілі тағайындалады.

МК құрамы жоғары оқу орындарының және облыстардың, Астана және Алматы қалаларының білім басқармаларының ұсынысы бойынша Министрдің бұйрығымен ҰБТ-ны өткізу кезеңіне бекітіледі.

37. МК:

1) бітіруші тест мазмұнын және дұрыс жауаптар кодын айқындайтын мәліметтерді пайдаланған, сондай-ақ осы ереженің 46.; 47.; 48. тармақтарында көрсетілген ҰБТ кезінде бітірушінің өзін-өзі ұстау ережесін бұзған жағдайда ҰБТ нәтижелерін жою және оларды аудиториядан шығару жөнінде шешім қабылдайды;

2) ҰБТ аяқталғаннан кейін дұрыс жауап кодтарын іледі және тестілеудің нәтижесін хабарлайды;

3) МК-ның шешімі отырысқа қатысып отырған МК мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады және төраға мен хатшы қол қоятын отырыс хаттамасымен толтырылады. Дауыстар тең болған жағдайда, МК төрағасының дауысы шешуші дауыс болып табылады.

4) ҰБТ-ы мәселелері бойынша жұртшылық арасында ұйымдастырушылық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

38. ҰБТ бес пән бойынша: қазақ немесе орыс тілі (оқыту тілі), математика, Қазақстан тарихы, орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілі және қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілі және таңдаған мамандыққа байланысты таңдау бойынша пәндердің біреуі Қабылдаудың үлгі ережесіне сәйкес өткізіледі.

Шығармашылық немесе арнайы дайындықты қажет ететін мамандықтарды таңдаған бітірушілер үшін төртінші пәнді таңдау ерікті. Орта білімнен кейінгі немесе жоғары оқу орындарына қабылдау кезінде мұндай бітірушілерге арнайы немесе шығармашылық емтихандар белгіленеді, олар өздері таңдаған орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім беру ұйымдарының қабылдау комиссияларымен өткізіледі.

39. ҰБТ-ға қатысуға өтініштерді қабылдау мерзімі 10 наурыздан 25 сәуірге дейін. Өтініш бланкілерін толтыру мектеп бітіруші өзі білім алатын жалпы орта білім беру ұйымында жүргізіледі.

40. Тестілеу ҰБТ ӨП-те 1 маусымнан 10 маусымға дейін жүргізіледі.

41. ҰБТ-ы Ұлттық тестілеу орталығы (бұдан әрі – ҰТО) жалпы білім беретін пәндердің бағдарламасы негізінде әзірлеген тест тапсырмаларының көмегімен өткізіледі, олардың мазмұны көрсетілген бағдарламаның шеңберінен шықпауы керек.

42. ҰБТ-ны өткізу кезінде пайдаланылатын тест мазмұнының және дұрыс жауаптар кодын айқындайтын мәліметтер мемлекеттік құпия болып табылады.

43. Әрбір пән бойынша тест тапсырмасының саны – 25.

44. ҰБТ-ға 3,5 (үш жарым) астрономиялық сағат (210 минут) бөлінеді. ҰБТ-ны қайта тапсыру:

1) қанағаттанарлықсыз деген баға алған жағдайда;

2. оң бағаны арттыру мақсатында рұқсат берілмейді.

45. ҰБТ-ның нәтижелері 125 балдық жүйе бойынша және жалпы орта білім туралы аттестат алу үшін бес балдық жүйе бойынша бағамен бағаланады. Балдарды бағаға ауыстыруды Министрлік белгілеген 1-қосымшадағы шкалаға сәйкес МК жүргізеді.

46. Бітіруші өзін тәртіпті ұстауы және Министрдің 2008 жылғы 14 сәуірдегі № 193 бұйрығымен бекітілген ҰБТ-ны ұйымдастыру және өткізу жөніндегі нұсқаулықта (бұдан әрі–Нұсқаулық) белгіленген барлық нормаларды қатаң ұстануы керек.

47. Бітірушіге бір орыннан екінші орынға ауысып отыруға, емтихан материалдарын басқа бітірушімен ауыстыруға, көшіріп жазуға, шпаргалкаларды, оқулықтарды және басқа да әдістемелік әдебиеттерді, ұтқыр байланыс құралдарын (пейджер, ұялы телефондар) аудиторияға кіргізуге және пайдалануға рұқсат етілмейді.

48. Бітіруші осы Ереженің 46.,47. тармақтарын бұзған жағдайда Министрлік өкілі Нұсқаулыққа сәйкес үстінен түсу және алып қою актісін жасайды. МК шешімімен бітіруші аудиториядан шығарылады, ал оның тест нәтижелері жойылады.

49. Тест тапсырмаларын бағалау кезінде бірыңғай талаптарды сақтау және даулы мәселелерді шешуді қамтамасыз ету, ҰБТ-ға қатысушылардың құқығын қорғау мақсатында тестілеу өткізу кезеңінде апелляцияны қарау жөніндегі республикалық комиссия (бұдан әрі - республикалық апелляциялық комиссия) және әрбір ҰБТ ӨП-де апелляциялық комиссия құрылады.

50. Республикалық апелляциялық комиссияның төрағасы және құрамы Министрдің бұйрығымен бекітіледі.

51. Республикалық апелляциялық комиссия апелляциялық комиссияның бітірушіге балдар қосу туралы ұсыныстардың негіздемесін қарайды және соңғы шешім қабылдайды.

52. Республикалық комиссия өз функцияларын орындау мақсатында апелляциялық комиссиялардан қажетті құжаттар мен мәліметтерді, оның ішінде бітірушінің жауап бланкісін, ҰБТ технологиясының сақталуы туралы мәліметтер сұрауға және алуға құқылы.

53. Республикалық апелляциялық комиссияның шешімі комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады. Республикалық апелляциялық комиссияның жұмысы төрағаның және комиссияның барлық мүшелерінің қолдары қойылған хаттамалармен ресімделеді.

54. Апелляциялық комиссияның төрағасы Министрдің бұйрығымен, ал оның құрамын – облыстардың, Астана және Алматы қалаларының білім басқармалары бекітеді. Апелляциялық комиссияның құрамына МК мүшелері кірмеуі керек.

55. Апелляциялық комиссия тестілеуге қатысушылардан өтініштер қабылдайды және қарайды, бітірушіге балдар қосу туралы республикалық апелляциялық комиссияға ұсыныс енгізеді және оған апелляцияның қорытындылары туралы оны хабардар етеді.

56. Апелляцияға берілетін өтінішті тестілеуге қатысушының өзі апелляциялық комиссия төрағасының атына береді. Тест тапсырмаларының мазмұны және техникалық себептер бойынша өтініштер тестілеу нәтижесі жарияланғаннан кейін келесі күнгі сағат 13. 00-ге дейін қабылданады және Нұсқаулыққа сәйкес апелляциялық комиссия тәулік бойы қарастырады. Өтініш берушінің өзімен бірге оның жеке басын куәландыратын құжаты, ҰБТ-ға жіберу рұқсаттамасы болуы керек.

57. Апелляциялық комиссияның жұмысын апелляциялық комиссияның төрағасы, ол жоқ болған жағдайда төрағаның орынбасары басқарады.

58. Апелляциялық комиссияның шешімі комиссияның тізімдік құрамының көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасының дауысы шешуші дауыс болуға құқығы бар. Комиссияның жұмысы төрағаның және комиссияның барлық мүшелерінің қолдары қойылған хаттамалармен ресімделеді.

59. Республикалық апелляциялық комиссияның және апелляциялық комиссиялар отырыстарының хаттамалары жыл бойы ҰТО-да сақталады.

60. ҰБТ-ны өткізу технологиясының сақталуын бақылауды ҰБТ ӨП-ке жіберілген Министрліктің уәкілетті өкілдері жүзеге асырады.

61. ҰБТ-ны тапсырған бітірушілерге:

  • ҰБТ-ның нәтижесі туралы сертификат (бұдан әрі – сертификат);
  • жалпы орта білім туралы аттестат (бұдан әрі – аттестат) беріледі.

Сертификат нысанын Министрлік бекітеді. Сертификаттың қолданыс мерзімі ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін.

62. Сертификатты МК толтырады және ҰБТ-ны тапсырған күннен кейін үш күн ішінде ҰБТ ӨП-те беріледі.

Сертификатқа ҰБТ шеңберінде әр пәннен жинаған балл қойылады.

Сертификат МК төрағасының, Министрлік өкілінің қолымен расталады және базасында ҰБТ ӨП ұйымдастырылған жоғары оқу орындарының немесе жергілікті білім беруді басқару ұйымдарының мөрі басылады.

63. Аттестат ҰБТ-ны тапсырған кезде бітірушілер білім алған білім беру ұйымдарымен беріледі. Аттестатқа ҰБТ-ы шеңберінде МК шешіміне сәйкес жалпы білім беру пәндері бойынша ҰБТ-да алған бағасы қойылады.

64. Орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім беретін білім беру ұйымдарына қабылдау тәртібі Қабылдаудың типтік ережелеріне сәйкес белгіленеді.

5. Қорытынды емтихандарды өткізу тәртібі

65. Емтихандар мұғалімдер мен білім алушылар емтихандардың басталуынан 10 күн бұрын танысатын білім беру ұйымының басшысы бекіткен кесте бойынша өткізіледі.

Кестеде:

  • әрбір сыныпта бір күнде бір емтиханнан артық болмауы;
  • әрбір оқу пәні бойынша емтихандар аралығындағы үзіліс екі күннен кем болмауы;
  • егер пән бойынша екі емтихан қойылса, бірінші жазбаша одан соң ауызша емтиханның өткізілуі қарастырылады.

66. Білім беру ұйымының негізгі сатысындағы 9 (10)-сыныпта диктантқа – 2 (2,5) астрономиялық сағат, шығармаға – 4 (4,5) астрономиялық сағат, мазмұндамаға – 3 (3,5) астрономиялық сағат, математикаға (жазбаша) – 3 (3,5) астрономиялық сағат (математика пәні тереңдетіліп оқытылатын сыныптарда– 4 сағат) бөлінеді.

11(12)-сыныпта шығармаға– 6 (6,5) астрономиялық сағат, мазмұндамаға – 4 (4,5) астрономиялық сағат, диктантқа – 2 (2,5) астрономиялық сағат, математикаға (жазбаша) – 4 (4,5) астрономиялық сағат (математика пәні тереңдетіліп оқытылатын сыныптарда – 5 сағат) бөлінеді.

67. Жазбаша емтихандарды өткізу үшін неғұрлым үлкен сынып бөлмелерін дайындау қажет: 11 (12) – сыныптағы білім алушылар бір-бірден, ал 9 (10)-сыныптағы білім алушылар бір-бірден немесе екіден үстелге немесе партаға отырғызылады.

Жазбаша жұмыстарды орындау және ауызша жауапқа дайындалу үшін білім алушыларға мектептің мөртабаны басылған қағаз беріледі. Жұмыстарын орындаған білім алушылар оны жоба жазумен (черновикпен) бірге емтихан комиссиясына тапсырады.

Жұмыстарын емтиханға арналып бөлінген уақыт ішінде аяқтай алмаған білім алушылар сол аяқтамаған қалпында тапсырады.

68. Жазбаша емтихан өтіп жатқан кезеңде (диктанттан басқа) білім алушының 5 минутқа сынып бөлмесінен шығуына рұқсат беріледі. Ондай жағдайда ол жұмысын емтихан комиссиясына тапсырады, емтихандық жұмысына білім алушының шығып келген уақыты жазылады.

69. Жазбаша емтихан аяқталғаннан кейін емтихан жұмыстарын комиссия мүшелері білім беру ұйымының ғимаратында тексереді.

Тексерілмеген жұмыстар білім беру ұйымының басшысына сақталуға тапсырылады. Тексеру кезінде қателердің асты сызылады. Жалпы орта білім курсы бойынша шығармадағы, мазмұндамадағы, диктанттағы қателер саны жеке көрсетіледі.

Шығармаға, мазмұндамаға және математика пәні бойынша жазбаша жұмыстарға «2» (қанағаттанарлықсыз) және «5» (үздік) бағалары қойылған қысқаша пікір жазылады.

Тіл мен әдебиет бойынша қайта жазбаша аттестаттау нысанын білім беру ұйымының емтихан комиссиясы белгілейді.

9(10) және 11(12)-сыныптарындағы шығарма екі бағамен, негізгі және жалпы орта білім беру курсындағы математика пәні бойынша жазбаша емтихан жұмысы –бір бағамен бағаланады.

70. Негізгі жалпы білім туралы үздік куәлікті алуға үміткер 9 (10)-сынып, сондай-ақ өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын мектептің жалпы орта білім туралы «Алтын белгі» аттестатын алуға үміткер білім алушыларының, ҰБТ-ға қатыспайтын республикалық музыкалық мектеп-интернаттары жалпы орта білім туралы үздік аттестатқа үміткер 11(12)-сынып білім алушыларының жазбаша емтихан жұмыстарын оқу орнының емтихан комиссияcының мүшелері емтихан тапсырғаннан кейінгі бір күн ішінде, үміткерлер көп болған жағдайда екі күн ішінде тексереді.

71. Жалпы білім беретін мектептердің барлық сыныптарындағы жазбаша емтихан жұмыстары жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 9-да басталады. Ерекше жағдайларда (білім беру ұйымында білім алушылардың саны көп болғанда осы ереженің талаптары мен тәртібін сақтау үшін) емтихандарды бірнеше мерзімде немесе келесі күні (ауызша емтиханды өткізу бойынша) екінші нұсқа бойынша өткізуге болады.

Шығарма тақырыптары, диктант және мазмұндама мәтіндері салынған пакеттер білім алушылар мен емтихандық комиссия мүшелерінің қатысуымен емтиханның басталуына 15 минут қалғанда ашылады.

Математикадан материалдар салынған пакеттер 9-11 сыныптарда емтихан комиссиясы мүшелерінің ғана қатысуымен ұсынылған есептер шартының дұрыстығын тексеру үшін емтихан басталуынан 1 сағат бұрын ашылады.

72. Ауызша емтиханды өткізу үшін 25-тен астам білім алушысы бар сынып екі топқа бөлінеді және олар емтиханды бірінен соң бірі сол күні тапсырады.

73. Жауап дайындау үшін оқушыға 20 минуттан кем емес уақыт беріледі. Егер білім алушы билет бойынша сұрақтарға жауап бермесе, емтихандық комиссия оған екінші билет алуға рұқсат етеді (бұл жағдайда бағасы 1 балға төмендейді).

74. Әрбір пән бойынша ауызша немесе жазбаша емтихан өткізілгеннен кейін емтихандық комиссия білім алушыға емтихан бағасы мен қорытынды бағаларын қояды, емтихан хаттамасына енгізеді. Хаттамаға осы пәннің емтихандық комиссиясының мүшелері қол қояды.

75. Емтихан комиссиясы қорытынды бағаларды шығарарда төмендегілерді басшылыққа алуы керек:

1) пән бойынша қорытынды баға жылдық және емтихан бағаларының негізінде ағымдағы оқу жылының тоқсандық (жарты жылдық) бағаларын ескере отырып анықталады;

2) емтихан бағасы қанағаттанарлықсыз болған жағдайда оң қорытынды баға қойылмайды;

3) қорытынды баға емтихан бағасынан жоғары болмайды.

76. Егер бір пәннен ауызша және жазбаша емтихандар өткізілсе, екі емтиханды тапсырғаннан кейін бір ғана қорытынды баға қойылып, жазбаша мен ауызша емтихандардың тиісті хаттамасына жазылады. Жазбаша жұмысы «үздік» бағаланып, ауызша емтиханнан алған баға «4»-тен төмен болмай, тоқсандық және жылдық бағасы «5» болған жағдайда емтихандық және қорытынды бағаға «бес» қойылады.

77. Оқу сабақтары ұйымдастырылған емдеу мекемесінде емделіп жатқан білім алушыларға қорытынды бағаны қою кезінде, осы емдеу мекемесінің жанындағы жалпы білім беретін мектепте (сыныпта немесе топта) алған тоқсандық (жарты жылдық) және жылдық бағалары ескеріліп қойылады.

78. Білім алушылардың ауызша емтиханда алған бағалары осы сыныптағы немесе топтағы емтихан аяқталғаннан кейін хабарланады. Білім алушыларға жазбаша өтініші негізінде оған Жұмыстарды көрсетуді ұйымдастыру білім алушының осы білім беру ұйымының емтихан комиссиясының төрағасының қатысуымен өз жазба жұмыстарының тексеру нәтижелерімен танысуға мүмкіндік беріледі.

79. Кезекті емтиханнан «2» алған 9 (10) және 11 (12) - сыныптардың білім алушылары келесі емтиханға жіберіледі.

9-сыныптағы қайта тапсыратын міндетті қорытынды емтихандарының мерзімін облыстардың, Астана және Алматы қалалары білім басқармаларыныңо келісімі бойынша осы жылғы 25 маусымнан кешіктірмей аудандық, қалалық білім бөлімдері белгілейді.

6. Білім алушыларды қорытынды аттестаттау жөніндегі республикалық комиссия жұмысының тәртібі

80. Жалпы орта білім туралы «Алтын белгі» аттестатын алуға үміткер ұйғыр, өзбек және тәжік тілдерінде оқытатын мектеп білім алушыларының, ҰБТ-ға қатыспайтын республикалық музыкалық мектеп-интернаттар білім алушыларының, негізгі орта білім туралы үздік куәлікті алуға үміткер республикалық мектеп-интернаттардың 9-сынып білім алушыларының жазбаша емтихан жұмыстарын қарау үшін, Министрдің бұйрығымен Оқушыларды қорытынды аттестаттау жөніндегі республикалық комиссия (бұдан әрі – ҚАРК) құрылады.

Білім беру саласындағы уәкілетті орган қалыптастыратын және басқаратын комиссия құрамына пән мұғалімдері, бағынысты ұйымдардың өкілдері қосылады. Комиссия мүшелерінің саны он бес адамнан кем болмауы керек.

81. Республикалық комиссия үміткерлердің жазбаша жұмыстарын тексеру жөніндегі ұйғыр, өзбек және тәжік тілдерінде оқытатын білім беру ұйымдарының, ҰБТ-ға қатыспаған республикалық музыкалық мектеп-интернаттарының емтихан комиссияларының қазақ тілі мен әдебиетінен, орыс тілі мен әдебиетінен, математика пәндерінен үміткерлерге қойған бағаларын растау үшін және марапаттауға ұсынылған оқушылардың осы ереженің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 21 желтоқсандағы № 1253 қаулысымен бекітілген «Алтын белгі» белгісі туралы ереженің талаптарына сәйкестігі жөнінде облыстардың, Астана және Алматы қалаларының білім басқармаларының, республикалық білім беру ұйымдарының актілерін қарау жөніндегі комиссия құрылады.

82. Жалпы орта білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдары типіне, түріне, меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан ағымдағы жылғы 1 мамырға дейін Министрлікке жалпы орта білім туралы «Алтын белгі» аттестатын алуға кандидаттар туралы (тегі, аты, әкесінің аты, оқу орнының аты және нөмірі, облыс, қаласы) бейіні мен оқу тілі көрсетілген мәліметтер береді. Республикалық білім беру ұйымдары негізгі орта білімі туралы үздік куәлік және жалпы орта білім туралы үздік аттестаттан үміткер білім алушылардың қосымша жеке тізімін ұсынады.

83. Облыстардың, Астана және Алматы қалалары білім басқармаларының және республикалық білім беру ұйымдарының жалпы орта білім туралы «Алтын белгі» аттестатын алуға үміткерлер бойынша (үміткерлердің құжаттарын тексеру актілері) ұсыныстары Министрлікке ағымдағы жылғы 25 мамырдан кешіктірілмей жеткізілуі керек.

84. Ағымдағы жылғы 15 маусымнан кешіктірілмей жұмыс қорытындысын шығару және «Алтын белгі» белгісімен марапатталған білім алушылардың тізімін бекіту туралы шешім қабылдау жөніндегі ҚАРК-нің соңғы отырысы өткізіледі.

85. «Алтын белгі» жалпы орта білім туралы аттестатын алуға білім алушылардың кандидатураларын бекіту туралы ҚАРК-нің шешімі Министрдің бұйрығымен бекітіледі.

86. Барлық емтихандар аяқталғаннан кейін және Министрдің бұйрығын алғаннан кейін білім беру ұйымының педагогикалық кеңесі емтихан комисиясының барлық мүшелерінің қатысуымен оқушылардың қорытынды аттестаттауы нәтижелерін талқылайды және оқу-тәрбие жұмысының сапасын арттыру жөніндегі нақты шараларды қабылдайды.

Категории и рубрики: 
Обучение: 

Комментарии

Аватар пользователя Geldora

Извините, пожалуста - оказалась проблема с отображением казахских символов на сайте, пытаюсь сейчас решить.

Через несколько дней, надеюсь, казахские тексты будут отображаться нормально.

Аватар пользователя ?аза?

Сонымен ?аза?ша ?ріптер к?рсетілмейді ме не?

Аватар пользователя Гость

А где взять то же самое только на русском языке? Помогите пожалуйста